Среда, 20 февраля 2019 16:46

Марғұлан Сейсембаймен сұхбат: қала шетіндегі "гетто", мәңгүрттер және ауыл жастары жайлы Избранное

Автор

Марғұлан Сейсембай - қазақстандық белгілі бизнесмен, инвестор. 90-жылдары ол "Сеймар" компаниясын құрған, Альянс банкін және "Картел" ұялы байланыс компаниясын басқарған. Қазіргі уақытта қоғамдық қызметін белсенді жүргізіп келеді, сондай-ақ, ауыл шаруашылығы мен IT-жобаларға инвестиция құйып келеді. Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында ол ауыл жастарының хал-күйі, әлеуметтік жағдайы мен болашағына қатысты пікірін айтады.

Бизнесмен елдегі жастардың хал-ахуалын, олардың басты деген проблемаларын атап берді.

"Білім деңгейі төмендеп барады. Көптеген жас қазақ тілінен өзгесін білмейді. Қазір орыс тілді қазақ ана тілін білмесе, оны "мәңгүрт" деп қудалайды. Ал менің түсінігім бойынша, қазіргі таңда ана тілін білмейтін адам емес, ана тілінен басқа тілді білмейтін адам мәңгүрт. Орыс тілі мен ағылшын тілін білмесең, сен де мәңгүртсің. Сондықтан, осы мәселеге идеология тарапынан назар аударуымыз керек. Біз үш тілді болмасақ та, қазақ және ағылшын тілдерін білуіміз керек", - дейді ол.

Сондай-ақ, Марғұлан Сейсембай елдегі урбанизация процесін айта келе қалаға көшіп жатқан жастардың сол ауылда жұмыс таппағанынан осындай қадамға баратынын айтады. Оның пікірінше, мұндай үдерістен кейін қаланың шеттерінде "гетто" пайда болады.

"Астанада болған жағдайды көріп отырсыз, баспанасы болмағандықтан, уақытша лашықты паналағандықтан. Мұның бәрі осы урбанизацияның салдары. Бұл Астанада ғана емес, Алматының сыртында да бар. Бұл жастардың тағы бір проблемасы", - деген бизнесмен сол жастардың агрессив түрі белсенді бола бастайтынын айтады. Ал мұндай білім деңгейі төмен жастар өздеріне тез-ақ көсем тауып алады.  

Сейсембай жастардың проблемасы деп білімді жастардың елден кетіп жатуын атады. "Білімді жастар кетіп жатыр, ал білімсіз жастар қалып жатыр, яғни білім деңгейі осының есебінен түсіп барады. Ал білімі төмен жастардың сана-сезімі де, түсінігі де басқа. Бұл өте үлкен проблема", - дейді ол.

Осы проблемаларды көтерген ол білім беру жүйесіне қандай өзгерістер енгізгісі келетінін айтып берді. Оның пікірінше, қазіргі жастарға IT саласынан гөрі ауыл шаруашылығы мен тамақ өнеркәсібін, туризм мен қызмет саласы, одан кейін көлік пен логистика салаларын дамыту маңыздырақ.

"Менің ойымша, бізбің бар мүмкіндігіміз осы салаларда жатыр. Бұл салаларды шартты түрде қарапайым экономика немесе күрделі емес экономика деуге болады. Шынына келгенде бұл қарапайым экономика емес, тек ғарыш саласы мен дамыған технологиялардың қатарында салыстыра айтатын болсақ, мұны қарапайым экономика деп сипаттап қана атайық. Бұл адамның негізін құрайтын экономика. Қазақ "Алтын күміс тас екен, арпа-бидай ас екен" дейді. Қазіргі уақытта адамзаттың құндылығы өзгерген, көбірек технология жағына жүгіреді, алайда адам саны өскендіктен адамзатқа осы қарапайым экономика тапшы болады. Ал біздің елдің мүмкіншілігі осы экономикада", - дейді Марғұлан Сейсембай.

Кәсіпкердің ойынша, қазір елде дайындалып жатқан күрделі экономика мамандарына келешекте жұмыс орнын тауып беріп, жағдайын жасауымыз керек, не олар елден кетеді деген фактімен келісуіміз керек. Өйткені олар біздің елде өз орындарын таба алмайды.

"Сондықтан, үкіметтің қаражаттың ауқымды жобаларға бағыттау қажет. "Болашақ" бағдарламасына да, IT-мамандықтарға қаншама грант беріп жатыр. Менің ойымша, IT-мамандықтарды қысқартып, бізге қанша қажет болса, сонша ғана дайындау керек. Үздік үш университет қана осы мамандарды дайындауы керек. Ал қалған 96 университеттегі IT мамандықтарын қысқартып тастау керек", - деді ол.

Сұхбатында ол Абайдың "Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан" деген сөзін еске алды.

"Біз өз "кетігімізді" таппай келеміз. Біздің мүмкіндік неде? Еліміздің территориясы үлкен. Бұл жерде ауыл шаруашылығы міндетті түрде дамиды. Бұл жерде жол жүрсең ұзақ, сондықтан мұнда көлік және логистиканы дамытуымыз қажет. Табиғатымыз ғажап болғандықтан, мұнда туристер келеді, ал олар келген соң қызмет көрсету салаларын дамытуымыз керек. Сондықтан осы мамандарды дайындап, осы салаларға назар аударуымыз қажет", - деді ол.

Самые интересные статьи в нашем telegram logo Telegram-канале
Понравилась статья? Расскажите друзьям:
Просмотрено: 65 раз
При использовании материалов сайта ссылка на источник обязательна - www.rezonans.kz
При использовании материалов сайта ссылка на источник обязательна.
Свидетельство о постановке на учет, переучет периодического печатного издания, информационного агентства и сетевого издания №16873-СИ от 31.01.2018г. выдано Комитетом информации министерства информации и коммуникаций РК.
© 2018 Информационно - аналитический портал "РЕЗОНАНС" Все права защищены. Разработано веб-студия "IT.KZ"
Яндекс.Метрика