Суббота, 22 июня 2019 11:18

Қайсар қазақ Избранное

Автор

Төлеусейіт Айдарқожин 100 жаста.

Бүгін Ақмола облысы Атбасар ауданы Қазақстан ауылының тумасы, Ұлы Отан соғысының ардагері, қазыналы қария Төлеусейіт Айдарқожин ақсақал арамызда болса, 100 жасқа толар еді. Әттең, шіркін, көрер жарығы, татар дәм-тұзы бұл күнге жетпеген екен...

Бір кем дүние дейтініміз ғой, әйтпесе, жүз жас жасау бұйырмаған ақсақал ұрпағы жүз жыл айтып жүретін ғибратты ғұмыр иесі бола білді. Ол ел басына күн туған шақта шыбын жанын шүберекке түйіп, өмір мен өлім арасындағы қанды қасаптың зары мен запыранын жұтты. Қарыс қадам жерінің сынық сүйеміне дұшпанның табанын тигізбес үшін басын бәйгеге тікті. Аңдыған жау қойсын ба, майдан даласындағы қиян-кескі ұрыстың бірінде қайсар қазақтың тәніне қорғасын кірді. Гранатаның жарықшағы аяғының қара кесегін жұлып, сүйегінің күл-паршасын шығарды. 1942 жылы сәуірде жүруден қалған жауынгер 1942 жылдың қыркүйегінде елге қайтарылды.

Бұл туралы қызы Сәуле: «Әкеміз 1939 жылы әскери борышын өтеу үшін Мәскеуге аттаныпты. Авиадивизияда әскери өнердің қыр-сырын меңгеріп, мықты пулеметші болып шығыпты. 1940 жылы Фин соғысына жөнелтілген, ал 1941 жылы Ұлы Отан соғысына аттанған. Әйгілі Курск түбінде соғысқан», – деді.

Елге оралған соң Төлеусейіт Айдарқожин еңбекке араласып, ауыл кеңесінің хатшысы қызметін атқарды. Сол кезде Қазақстанға жер аударылып келген түрлі ұлттар мен ұлыстарға қазақтың дархандығын көрсетіп, мейірімін сезіндірді. Келімсектердің барлығына пана болып, оларға жарты құртын жарып, бүтін құртын бөліп берді. Барлығын бауырына басып, әрқайсының мәселесін шешуге тырысты. Осының арқасында ол халықтың ықыласына бөленіп, әділ әрі іскер басшы атанды.

Шолақ, Қарасу, Ленин комсомолы ауылдарында ұзақ жылдар ауылдық кеңестің төрағасы болғанда да Төлеусейіт Айдарқожин тура жолынан таймады. Жылағанды жұбатып, сүрінгенді тұрғызып, айналасындағы адамдарға жанашырлық танытты.

Ол адал жар, парасатты әке де болды.

Осы турасында ақсақалдың қызы Сәуле бір естелігінде: «Әкем тәртіптің адамы еді. Балаларынан да, қоластындағы қызметкерлерден де тәртіпті талап ететін. Әр іске жауапкершілікпен қарайтын. Қарамағындағы әрбір отбасының жағдайына

қарайласып, көмектесетін. «Еңбек бағалануы керек» деп отыратын. Ауылға бар қалсақ, әлі күнге дейін әкемді айтып, көзіне жас алатын адамдар бар. Үлкен басшылардың өзі әкемнен ығып отырушы еді. Сыйлағандары ғой. Әділетті басшы еді. Ешкімді алаламай, бәрін тең көретін. Жеті кластық білімімен-ақ айналасына жақсылықтың, тектіліктің дәнін сеуіп кетті. Біз әкемізді мақтан тұттық, әкемізге ұқсауға тырыстық. Ол ерекше мейірім иесі болды», – деді.

«Орнында бар оңалар»

– Әкем мен анам 50 жылдан аса бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешті.

Екеуі 13 бала сүйді. Оның бесеуі бақилық болды, қалғаны – аман. Қазір екі қыз, алты ұл бармыз. Мен – дәрігермін, зейнеттемін. Менен кейінгі қыз Жұлдыз Айдарқожина Сыртқы істер министрлігінде істейді. Қазір Израильде елшілікте.

Екі үлкен ағам – Алтай мен Адай Қостанай облысында тұрады. Сансызбай інім де Қостанайда. Сырым Қарағандыда тұрады. Абай, Қайрат деген інілерім – Астананың тұрғыны. Бәріміз бір-бір шаңырақтың иесіміз. Ата-ананың атына кір келтірмей, елдің игілігі үшін еңбек етіп жүрген жайымыз бар. Әкеміз «ұйымшыл болыңдар!» дейтін. Біз оның осы өсиетін ту етіп ұстап келеміз. Көзі тірісінде туыстарын өзінің айналасынан ұзатпайтын. Бізді де солай тәрбиеледі. Биыл әкеміз 100 жасқа толды. Осыған орай 22- маусымда Шолаққа барып, әкеміздің 100 жылдығына арнап ас береміз», – деді бізге ақсақалдың қызы.

Өлшеулі өмірін күйбең тірлікке емес, отан қорғау мен ұлтқа қызмет етуге арнаған қайсар қазақ жасындай жарқ етті де, құйрықты жұлдыздай ағып түсті. Ол биік әрі жарық жұлдыз болды. Ең бастысы ұрпағы ұялатын іс қылған жоқ. Абыройының асқары мен беделінің биігінен түспей, төмендемей өтті.

Біз Төлеусейіт Айдарқожиннің ұрпағы ата жолын қуатынына кәміл сенеміз. Себебі тектілік қанмен дарып, сүтпен сіңеді.

Қанат Махамбет

1

3

5

12

18

19

34

Самые интересные статьи в нашем telegram logo Telegram-канале
Понравилась статья? Расскажите друзьям:
Просмотрено: 39 раз
При использовании материалов сайта ссылка на источник обязательна - www.rezonans.kz
При использовании материалов сайта ссылка на источник обязательна.
Свидетельство о постановке на учет, переучет периодического печатного издания, информационного агентства и сетевого издания №16873-СИ от 31.01.2018г. выдано Комитетом информации министерства информации и коммуникаций РК.
© 2018 Информационно - аналитический портал "РЕЗОНАНС" Все права защищены. Разработано веб-студия "IT.KZ"
Яндекс.Метрика